Алматыда отшашуға тыйым салынып, автокөліктер үшін ақылы аймақтар енгізілуі мүмкін

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көлік, кәсіп және мерекелік іс-шараларға қатысты жаңа экологиялық ережелер енгізу жоспарланып отыр. 

Отшашу
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Жаңа экологиялық ұсыныстар «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Оны Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы әзірлеген. Құжатта көрсетілген өзгерістер:

— Әкімдік жанынан экологиялық кеңес құру және «Таза қала» ақпараттық жүйесін енгізу — ол ауаның жай-күйін бақылауға, тұрғындарды атмосфералық ауаның жағдайы туралы хабардар етуге және онлайн-өтініштер қабылдауға мүмкіндік береді;

— Ауа қатты ластанған кезде кәсіпорындарға шектеулер енгізу, мектептерді қашықтан оқыту форматына көшіру, балабақшалар мен мектептерге ауа тазартқыштар орнату, балаларға арналған ашық ауадағы іс-шараларға тыйым салу;

— Электрлі көлікті және қоғамдық көлікті дамыту, ескі көліктерді сатып алу, қозғалтқыштарды ұзақ қыздыруға шектеу қою;

— III санаттағы нысандарда (көмірмен жұмыс істейтін кәуапханалар, моншалар, құрылыс алаңдары) міндетті түрде шығарындыларды тазарту жүйесін орнату және ластану деңгейін тұрақты түрде өлшеу.

— Тыйым салу ұсынылады: қоқыс, жапырақ, дөңгелек жағу, пиротехника (отшашу) қолдану, сүзгісіз генераторлар мен техниканы пайдалану, газ тартылған аудандарда қатты отын түрін қолдану.

Ақылы экологиялық аймақтар

Одан бөлек ұсыныс бойынша қалада экологиялық аймақтар анықталады. Ол жол белгілері және таңбалармен белгіленеді. Көліктер үшін бұл аймаққа кіру ақылы болады — тариф көліктің экологиялық класына байланысты есептеледі. Жиналған қаржы экологиялық бағдарламаларға және қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалады. Арнайы техника мен техникалық талаптарға сай жергілікті тұрғындарға жеңілдіктер беріледі. Төлем «Таза қала» депозиттік жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Жобаның толық мәтінімен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады. Қоғамдық талқылау 20 тамызға дейін жалғасады.

Еске салайық, жыл басында Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев қала ауаны ластайтын шығындылар аз болуы тиіс аймақтарға бөлінетінін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар