Алматыда паделден Қазақстан алғашқы чемпионатының жеңімпаздары анықталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында паделден ересектер арасында Қазақстанның бірінші чемпионаты мәресіне жетті.
Қазақстан падел федерациясынан мәлім еткеніндей, турнир ADD Padel and Table Tennis Center корттарында өткізілді.
Ерлер арасында Евгений Данилов пен Жәнібек Үмбетов алтын медальға ие болды. Олар финалда тартысты бәсекеде Родион Пак пен Никита Сидоровты қапы қалдырды — 7:6, 6:3.
Жақас Қозыбақ пен Алдияр Мұздыбаев қола жүлдені қанағат тұтты.
Әйелдер арасында Мария Синицына мен Альбина Хабибулина үздік шықты. Олар соңғы бәсекеде Әйгерім Сүлеймен мен Татьяна Гиоргадзеден айласын асырды — 6:4, 7:5. Қола жүлде Әнел Килдиярова мен Альбина Матвееваға бұйырды.
Жуырда Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Әзербайжанда өтетін FIP Bronze Baku жарысына аттанады. Содан кейін Индонезияда FIP Bronze Jakarta додасында өнер көрсетеді.
Жылдың ең басты жарысы — Азия ойындары қыркүйек айында Жапонияда болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық падел ойыншыларының әлемдік рейтингіде жоғары көтерілгенін жазған едік.