Алматыда полиция 70-ке жуық самокатты айыппұл тұрағына қойды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл басынан бері электр самокаттар мен электр велосипед жүргізушілері тарапынан 11 922 жол ережесін бұзу әрекеті тіркелді.

Полиция электр самокаттар мен велосипед жүргізушілері тарапынан жасалатын заңсыздықтардың алдын алуға және жол ережесін қамтамасыз етуге бағытталған. Рейд шараларын жүргізіп жатыр.
Соңғы тәуліктерде ғана 1 076 жол тәртібін бұзу жағдайы тіркелді. Олардың ішінде:
- жол қозғалысына қатысушылардың талаптарды сақтамауы – 846;
- жаяу жүргіншілер мен өзге де қатысушылардың ережені бұзуы – 229;
- ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін орындамауы – 5 жағдай.
Сонымен қатар, тротуар мен жол бойында самокаттардың қараусыз қалдырылуы тіркелді. Бұл жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін қауіп төндіреді. Нәтижесінде 69 электрсамокат айыптұраққа қойылды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шұмаевтың айтуынша, электросамокаттар қала өмірінің бір бөлігіне айналғанымен, онымен бірге құқықбұзушылықтар саны да артып отыр. Ол заң барлық азаматқа ортақ екенін атап өтті.
- Жауапкершілік самокат жүргізушілерінің өзіне де, егер бала кәмелетке томаған болса, олардың ата-аналарына да жүктеледі. Біз тек жазалау емес, түсіндіру жұмыстарын да жүргіземіз. Дегенмен балалардың қауіпсіздігі мен жолдағы тәртіп – біздің басымдық, сондықтан полиция кез келген заңбұзушылыққа қатаң шара қолданады», – деді ол.
Сондай-ақ кикшеринг компанияларының бірімен келісім жасалып, полицияға 50 самокат пен дулыға жиынтығы тегін берілді. Бұл патрульдеу кезінде қызметкерлердің мобильділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Полиция электрсамокат пен электрвелосипедті қолданғанда жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Осыған дейін Алматыда самокат айдаған жасөспірімдер нәресте арбасын қағып кеткені туралы жаздық.