Алматыда полиция жанында арандатушылық бейнежазба түсірген тұрғын ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда полиция көлігінің сыртынан ақ ұнтақ көрсеткен азамат ұсталды.

Алматыда полиция жанында арандатушылық бейнежазба түсірген тұрғын ұсталды
Фото: Видеодан скрин

Ол полиция көлігінің сыртынан ақ ұнтақ салынған ораманы көрсетіп, әрекеті камераға түсірілген. Сондай-ақ қоғамдық орында балағат сөздер айтады. Бейнежазба әлеуметтік желідегі парақшаларда тарады.

Аталған жағдай Алматы қаласы полиция департаментінің назарына ілікті. Тәртіп сақшылары хайп қуып, полицияға қарсы арандатушылықпен айналысқан азамат ұсталғанын мәлімдеді.

— Бейнежазба авторының жеке басы анықталды. Ол — бұрын сотталған 43 жастағы жергілікті тұрғын. Ер адам ұсталып, Медеу аудандық полиция басқармасының полиция бөліміне жеткізілді. Ықтимал есірткі қылмысы бойынша қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлады департаменттен.

Одан бөлек ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік материалдар сотқа жолданған. Енді полицейлер бейнежазбада көрсетілген заттың шығу тегін, құрамын және мөлшерін анықтайды.

Еске салайық, Астанада есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан топтың мүшелері сотталды.