Алматыда Сайран көліне құятын өзенге лас су төгілді - экологтар жауап берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Сайран көлінің солтүстігіне қарай Үлкен Алматы өзенінің арнасына қалдыққа ұқсас қою қара түсті су төгілген.
Оқиғаның бейнежазбасы желілерде жарияланды. Онда алматылықтар қара түсті судың қайдан шыққанын әрі құрамында не бар екенін тексеруді талап етті.
Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері Әуезов ауданы әкімдігімен бірлесіп, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және Бостандық аудандық әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері аталған аумақта тексеру жүргізгенін хабарлады.
Тексеру нәтижесінде анықталған су ағыны — жаңбыр мен қар суын, сондай-ақ бау-бақша суаратын суды ағызуға арналған су құбырының және арық желісінің бір бөлігі екені белгілі болды.
Сонымен қатар қоршаған ортаның ықтимал ластануын болдырмау мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су үлгілері алынған.
- Тексеріс нәтижелері бойынша экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда құзыретті органдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті шаралар қабылдайтын болады, – делінген экология басқармасының мәлімдемесінде.
Еске салайық, Алматыда экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындарға 34 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.