Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда «Сергек» электрлі самокат жүргізушілерінің ереже бұзу деректерін тіркейтін болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда электрсамокатты пайдаланушылардың жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау үшін «Сергек» камераларын пайдалану жоспарланып отыр.

камеры «Сергек»
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, заңнаманың жаңа талаптары күшіне енгеннен кейін электрсамокаттар толыққанды көлік құралы ретінде танылды. Ал оларды пайдаланушылар мен кикшеринг компаниялары үшін тиісті міндеттер белгіленді.

Қазіргі уақытта полиция кикшеринг компанияларының деректерін полиция базаларымен және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын автоматтандырылған жүйелермен біріктіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

— Дайындық кезеңінде қаладағы жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде біз қолданатын автоматтандырылған жүйелермен, соның ішінде «Сергекпен» белсенді түрде жұмыс жүргізілді. «Сергек» кешендері электрсамокат жүргізушілерінің құқық бұзушылықтарды анықтайтын болады, — деді Салтанат Әзірбек.

Қазір электрсамокат тізгіндеген адамдардың жол ережесін бұзу деректерін тікелей полиция қызметкерлері анықтап жүр. Бұл жұмысқа патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, мобильді электрпатрульдер мен самокатты патрульдер тартылған.

— Осы жылдың басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 18 мыңнан астам электрсамокатты пайдаланушы жауапқа тартылды, — деп хабарлады ол.

Еске салайық, Алматыда электрсамокаттарды орналастырудың бірыңғай ережесі енгізілді.