Алматыда ішімдік сататын орынға айналып кеткен Ұлттық университет ғимараты қалай қайтарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 30 жылдан астам уақыт бұрын заңсыз иеліктен шығарылған Абай атындағы ҚазҰПУ үй-жайы мемлекетке қайтарылды.

Алматыда ішімдік сататын орынға айналып кеткен Ұлттық университет ғимараты қалай қайтарылды
Фото: Медеу ауданының прокуратурасы

Медеу ауданының прокуратурасы 208 шаршы метр болатын нысан қалай жекеменшікке өтіп кеткенін және оны қайтару жұмыстары қалай жүргенін түсіндірді.

Құқық қорғау органы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының өтініші негізінде Қонаев көшесі, 80-үй мекенжайында орналасқан нысанға байланысты тексеру жүргізген. Талдау барысында университеттің қажеттіліктеріне арналған жылжымайтын мүлік өзара байланысы бар тұлғаларға заңсыз беріліп, алкоголь өнімдерін сататын орынға айналғанын анықтаған.

— 1995 жылы университеттің бұрынғы басшылығы мемлекеттік мүлікті құзырлы органдардың қатысуынсыз, конкурс немесе аукцион өткізбестен, төмендетілген құнмен жекеменшік компанияға берген. Кейіннен жер телімі де жер заңнамасының талаптарын бұза отырып мемлекеттік меншіктен шығарылған. Нысан бірнеше рет бұрынғы ректордың отбасы мүшелерімен байланысты тұлғалар арасында қайта сатылып, кейін сыйға тарту шарттары арқылы оның жақын туыстарының иелігіне өткен. Осылайша, университет мүлкі іс жүзінде аффилирленген тұлғалардың пайдасына берілген, — деп түсіндірді аудандық прокуратурадан.

Сондықтан прокуратура бастапқы заңсыз мәмілелерді және одан кейінгі шарттарды жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз енгізді. Медеу аудандық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімімен прокуратураның талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен талап-арыз толық көлемде қанағаттандырылды. Кассациялық саты сот актілерін өзгеріссіз қалдырды.

— Осылайша, мемлекет мүдделері қорғалып, жылжымайтын мүлік университетке қайтарылды, — деп нақтылады құқық қорғау органы.

Еске салайық, бұған дейін Алматы прокуратурасы заңсыз жекешелендірілген ЖОО нысанын мемлекетке қайтарғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар