Алматыда сыртқы жарнамаға қойылатын талаптар өзгереді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы әкімдігі «сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орнату қағидаларын бекіту туралы» қаулыға өзгеріс енгізу жобасын Ашық НҚА порталында жариялады. 

Алматыда сыртқы жарнамаға қойылатын талаптар өзгереді
Фото: Алматы әкімдігі

Аталған өзгерістер Мемлекет басшысының қолайлы әрі эстетикалық тұрғыдан тартымды қалалық ортаны қалыптастыруға, сондай-ақ «Алматы – ешқашан ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасын дамытуға бағытталған тапсырмаларын іске асыру мақсатында енгізілмек.

– Мегаполистерді дамыту үрдістері қалалық инфрақұрылым сапасын арттыруды, сәулеттік ортаның көрнекі үйлесімділігін қамтамасыз етуді, бірыңғай дизайн-код қалыптастыруды және қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауды талап етеді. Осыған байланысты қолданыстағы талаптарды тұрақты даму қағидаттарына сәйкестендіру және нормативтік реттеуді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр, - делінген жобада.

Ұсынылып отырған өзгерістер:

– қалалық инфрақұрылым объектілеріне қойылатын талаптарды жүйелеу;

– қаланың сәулеттік келбетінің эстетикалық тұтастығын қамтамасыз ету;

– шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау;

– қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру;

– Алматы қаласының заманауи әрі серпінді дамып келе жатқан мегаполис ретіндегі имиджін нығайту.

Жоба 26 наурызда жарияланған және 10 сәуірге дейін талқылауда болады.

Еске салайық, 2023 жылы желтоқсан айында Алматы қаласының мәслихаты қаланың дизайн-кодын бекітті.

Соңғы жаңалықтар