Алматыда «Спорт – Достық алаңы» қалалық спорттық жобасы жүзеге асырылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда бұқаралық спортты дамытуға, аула бастамаларын қолдауға, әр жастағы тұрғындарды белсенді өмір салтына тартуға, сондай-ақ қаланың әр ауданында бірыңғай достық спорт ортасын қалыптастыруға бағытталған «Спорт – Достық алаңы» қалалық спорттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жоба түрлі алаңдарды қамтып, флешмобтар, турнирлер, отбасы жарыстары мен әлеуметтік-спорттық акцияларды біріктіреді.
Өткен демалыс күндері Алматының бірнеше ауданында ауқымды іс-шаралар өтті.

Медеу ауданында жоба аясында және «Таза Қазақстан» республикалық акциясымен бірлесе ірі спорттық эко-флешмоб ұйымдастырылды. 700-ден астам тұрғын — жастар, оқушылар, студенттер, аудан ардагерлері мен волонтерлер — спорттық ойындар, би флешмобтары және түрлі белсенді бағдарламаларға қатысты.
Алмалы ауданындағы Ганди атындағы саябақта спорттық отбасылық эстафета өтті. Турнирге ата-аналар мен олардың балалары қатысып, ұйымшылдықты, энергияны және нағыз команда рухын көрсетті. Эстафеталар жарқын, шиеленісті және көңілді өтті. Бірінші орынды Асқаровтар отбасы иеленді. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Әуезов ауданында ауқымды спартакиада ұйымдастырылды. Қатысушылар асық ату, дартс, шахмат, арқан тарту және тартысты волейбол матчтары сияқты бірнеше спорт түрлерінен күш сынасты.
Алатау ауданының Нұркент ықшамауданында «Спорт – Достық алаңы» жобасы аясында ашық футбол жаттығуы өтті. Іс-шарада кәсіби жаттықтырушылар балалар үшін белсенді, серпінді және шабыттандыратын атмосфера қалыптастырды. Жастар белсенді қатысып, флешмоб орындап, ойынның негізгі элементтерін пысықтап, командалық тапсырмаларға қатысты.

Бостандық ауданында Бірінші Президент саябағында жоба аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Жастар арқан тарту, ләңгі, асық ату, армрестлинг және қой көтеру бойынша қызығушылықпен бақ сынады.
Түрксіб ауданында балалар мен жастар жекпе-жек түрлері бойынша жарысып, турникке тартылып, қолды жерге тіреп жаттығу жасады.
Жобаға тұрғындар ризашылық білдіріп, енді ол алдағы демалыс күндері де жалғасын табады.

6 желтоқсанда Ганди атындағы саябақ пен Наурызбай ауданы амфитеатрында түрлі эстафеталар, жонглерлік және доп лақтыру сайыстары өтеді. Ал Айнабұлақ-2 ықшамауданындағы Арбатта баскетбол және армрестлинг бойынша жарыстар ұйымдастырылады.
7 желтоқсанда Айтеке би көшесіндегі скверде парк бойынша жүгіру, қыздыру жаттығулары және «Маусымаралық кезеңде қалай жаттыққан дұрыс?» тақырыбында дәріс өткізіледі. Жас Қанат ықшамауданында дзюдо бойынша көрсетілімдер, жаттығулар, армрестлинг, арқан тарту, шахмат турнирі, ұзындыққа секіру, шығармашылық қойылымдар ұйымдастырылады.

«Спорт – Достық алаңы» жобасы аудандарды біріктіріп, спорт мәдениетін нығайтуға ықпал ететінін атап өткен жөн. Жобаның ортақ идеясы арқылы қаланың әр ауданындағы тұрғындар спорт төңірегінде бірігіп, белсенді уақыт өткізуге, тәжірибе алмасуға және дене дайындығын жетілдіруге мүмкіндік алады.
Жоба жастар арасында сенімділік, шыдамдылық, дәстүрге құрмет және салауатты өмір салтына берілгендік қасиеттерін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Алматы «Спорт – Достық алаңы» жобасын одан әрі жалғастырып, бұқаралық спортты дамыту және қала тұрғындары үшін белсенді әрі салауатты өмір салтына жағдай жасау шараларын жалғастырады. Алда — жаңа турнирлер, флешмобтар, жарыстар және қаланың бірыңғай спорт мәдениетінің бір бөлігіне айналатын әлеуметтік бастамалар тұр.
