Алматыда «Сұңқар» трамплині бос тұр ма - спорт бақармасының жауабы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков және басқарма басшылары брифинг өткізді.

Алматыда «Сұңқар» трамплині
Фото: instagram.com/ sunkar_complex

БАҚ өкілдері лауазымды тұлғалардан «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешені неліктен бос тұрғанын сұрады. Алматы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековтың жауабына сәйкес, бұл кешен 2011 жылы Азиада қарсаңында салынған. Аумағы - 15 мың м2, онда 8 трамплин бар.

Қалалық спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы бұл жауапты толықтырды.

- Спорт басқармасына дейін мен әкімдікте жұмыс істедім. Сонда трамплин жанынан жиі өтіп, неліктен ештеңе өтпейтіні өзіме қызық болатын. Жаңа қызметке келген соң, өзім барып қарап көрдім. Онда 300 бала спортпен шұғылданады. Тіпті 10 метрлік трамплин қажеттілігі болды, ол жақында берілді. Енді балалар 6 жастан бастап қатысады. Одан бөлек трамплинде ұлттық құрама спортшылары дайындалады. Трамплин секіруге арналған, одан басқа тәсілмен нысанды толтыра алмаймыз, - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Kazinform сауалына берген жауабында спорт басқармасы «Сұңқар» кешені «Спорттық нысандар дирекциясы» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілгенін хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қандай спорттық нысандар салынатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар