Алматыда танымал компания 40 қабатты кешеннің құрылысынан бас тартты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – RAMS QAZAQSTAN компаниясы Алматыда 40 қабатты кешенді салмайды.
Ресми мәлімдемеге сәйкес, компания 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап BEYOND ALMATY жобасының бас мердігері болудан бас тартқан.
- BEYOND ALMATY жобасына байланысты барлық мәселе бойынша жер учаскесінің меншік иесі мен «BR Construction Qazaqstan» ЖШС тапсырыс берушісіне жүгіну қажет, - делінген компания мәлімдемесінде.
Еске салайық, Тимирязев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында 40 қабатты кешеннің салынуы алматылықтар арасында наразылық тудырды. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв 40 қабатты ғимарат құрылысына қарсы шықты.
Кейін Алматыда 40 қабатты кешеннің құрылысы тоқтатылды.
Депутаттық сауалға жауап берген Алматы әкімі мегаполистегі 40 қабатты ғимараттың құрылысына тыйым салынбайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Алматыда қандай жағдайда биік ғимарат салуға рұқсат берілетінін жазғанбыз.