Алматыда Терреңқұр аймағын жаңғырту жұмыстары аяқталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтардың сүйікті орындарының бірі — Терреңқұр аймағында жөндеу жұмыстары аяқталды.

Медеу ауданы әкімдігінің мәліметінше, Керей-Жәнібек хандар көшесі, 310 мекенжайындағы Терреңқұр-2 саябақ аймағының қайта жаңғырту жұмыстары толығымен орындалды. Бұрын бұл жерде суы тартылған тоған мен қараусыз қалған аумақ болған.

— 2023 жылы тоған және оған іргелес аумақ коммуналдық меншікке қайтарылды. Сол жылы қайта жаңғырту жобасы әзірленіп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталды. Бұл Есентай өзені бойындағы және Терренқұр бағыты бойындағы екі танымал жаяу жүргіншілер бағытын біріктіруге мүмкіндік берді, — деп хабарлады аудан әкімдігі.

Медеу ауданының әкімдігі 4 гектардан астам аумақта заманауи саябақ құрылғанын атап өтті.
— Жағалауы бар тоған қайта қалпына келтірілді, балалар алаңдары, серуен жолдары, спорт және демалыс аймақтары жасалды. Жаңа жарықтандыру орнатылып, көгалдандыру жүргізілді. Нәтижесінде бұл аумақ тәулік бойы жайлы да қауіпсіз уақыт өткізуге болатын орынға айналды, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, алғашқы жоспар бойынша Алматыда Терреңқұрды модернизациялау осы жылдың сәуір айында аяқталуы қажет еді.