Алматыда ТМД елдерінің Сыртқы істер министрлері бас қосты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы басталды

Алматыда ТМД елдерінің Сыртқы істер министрлері бас қосты
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Ресми бөлім басталмас бұрын делегация мүшелерін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қарсы алды. Іс-шара әдетегідей дәстүрлі хаттамалық фотосессиядан басталды.

Мұрат Нұртілеу 2025 жыл Достастыққа қатысушы мемлекеттердің кеңесі Жеңістің 80 жылдығы белгісімен өтіп жатқанын жеткізді. Сұрапыл соғыс жылдарында қазақстандықтар ерлік пен қаһарман үлгісін көрсетті.

– Қазақстан стратегиялық тыл аймағы ретінде маңызды рөл атқарды. Біздің елден майданға 1,2 млн жауынгер аттанды, бұл – республика халқының 25 пайызы. Армияны азық-түлікпен қамтамасыз етті. Соғыс жылдарында майданға 5 млн тоннадан астам нан, 800 мың тонна ет жөнелтілді. Сонымен қатар 10 оқтың 9-ы біздің елдің қорғасынынан құйылды. Бұл біздің ортақ жеңісімізге - Қазақстанның қосқан шынайы үлесі. Сондықтан сөзімді жиналған барша әріптестерімді келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, бейбітшілік, бақыт пен береке тілеуден бастағым келеді, – деді ол.

ТМД елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылайды.

Бұдан бөлек, «Орталық Азия – Ресей» форматындағы сыртқы істер министрлерінің кезекті кездесуі болады. Оның аясында сауда-экономикалық және инвестициялық, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салаларында өңір елдерінің өзара іс-қимылы қаралмақ.

Сондай-ақ отырыс барысында Достастыққа мүше мемлекеттердің Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындық барысына ерекше назар аударылады.

Сыртқы істер министрілігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, кеше Мұрат Нұртілеу Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөздер жүргізді.

Оның барысында тараптар биік және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін пысықтады.

Еске салайық, 10 сәуір күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бастаған делегация 28 панфиловшы саябағындағы Екінші дүниежүзілік соғысында қаза тапқандар мемориалына гүл шоқтарын қойды. 

Соңғы жаңалықтар