Алматыда торғай мен қарлығаш саны азайып кеткен — орнитолог

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Еліміздегі құстардың жағдайы қандай? Бұл сұраққа орнитолог, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко жауап берді.

торғай
Фото: pixabay.com

Оның айтуынша, Қазақстанда 520-дан астам құс түрі тіркелген, олардың шамамен 400-і ұя салады. Бірақ маман құстар әлемі қауіп-қатерге тап болып отырғанын жасырмады.

— Негізгі қауіптің қатарында инфрақұрылымның дамуы мен пайдалы қазбаны өндіруге байланысты табиғи мекен ету ортасының жойылуы, қоршаған ортаның ластанып, климаттың өзгеруі, сондай-ақ заңсыз сауда мен браконьерлік бар. Әлемде құстың түрі шамамен 49% азайып, алаңдатарлық үрдіс байқалған. Қазақстанда қазір Қызыл кітапқа 58 түр енгізілген, бұл тізім алдағы уақытта әлі де толығуы мүмкін, — деді Сергей Скляренко.

Орнитолог жекелеген түрлердің жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызатынын айтты. Оның сөзінше, заңсыз сауданың кесірінен ителгінің саны шамамен 90%-ға қысқарған. Дала қыраны, сұлу тырна мен жорға дуадақ жиі электр желісіне түседі екен.

— Диклофенак сияқты ветеринарлық препараттармен улану да өлексемен қоректенетін құстардың санына үлкен қауіп төндіріп отыр. Алматыда торғай мен қарлығаш сияқты үйреншікті құстардың саны азая бастаған. Қалалық орта өзгеріп, жәндіктердің саны азайғандықтан осындай жағдайға алып келген. Су маңындағы құстардың саны, керісінше, артып отыр, өйткені қаладағы су айдындарында оларға тиіспейді, — деп түсіндірді ол.

Маман орнифаунаны қолдау үшін қалалық саябақтарда табиғи ортаны сақтап, жидек егіп, аумақтарды химиялық өңдеуді азайтып, құстарды су көзімен қамтамасыз етуді ұсынды.

Еске салайық, Алматы саябақтарының біріне Қытайда мекендейтін қаз ұшып келді.