Алматыда төрт субұрқақ кешенін жөндеуге 5,6 млрд теңге жұмсалмақ
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 15 жылда алғаш рет 4 субұрқақ кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың 1-30 сәуір аралығындағы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау жөніндегі есебінен белгілі болды.

Алматы әкімдігінен атап өткендей, осы жылдың 15 сәуірінде 5,6 млрд теңгеге төрт субұрқақты жаңғыртуға шарт жасалды.

– Алматыда 15 жылда алғаш рет 4 субұрқақ кешеніне – әкімдік ғимаратының Шығыс және Батыс жағындағы, Республика алаңындағы, сондай-ақ Ғ. Мүсірепов театры жанындағы субұрқақтарға күрделі жөндеу жүргізілетін болады, – деп хабарлады әкімдіктен.

Сондай-ақ Алматы әкімінің есебінде Сайран көлін абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы да көрсетілген.

Қазір Сайран көлінің айналасын абаттандыру жұмыстары 90% орындалды. Мұнда «Lorberg» (Германия) питомнигінен әкелінген биіктігі 6 метрден асатын 200 ірі ағаш, сондай-ақ 3300 бұта отырғызылды.



Қоғамдық кеңістікті дамыту аясында Алматыда Назарбаев даңғылы мен Ганди көшесінің қиылысында биіктігі 6 метрден асатын 50 ірі ағаш отырғызылған жаңа сквер пайда болады. Бұл учаскеде резервуарды дайындау және инженерлік желілерді төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, Алматыдағы субұрқақтар 1 мамыр күні іске қосылды.