Алматыда туберкулезге шалдығу дерегі төмендеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Соңғы он жылда мегаполисте туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 60,5 пайызға төмендеді. Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихаты барысында қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының фтизиопульмонология орталығының директоры Жанар Сәпиева айтты.
Спикердің сөзінше, қалада сырқаттанушылықтың төмендеу динамикасы байқалады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2023 жылы туберкулезге 484 адам шалдықты. Диспансерлік есепте 650 белсенді науқас тұр. Туберкулездің таралу көрсеткіші 3,1% - ға төмендеді.
Соңғы 10 жылда туберкулезбен сырқаттанушылық 60,5% - ға төмендеді, ал өлім көрсеткіші 82,7%-ға азайды.
«Жылда Алматы қаласында дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық өткізіледі. Осы кезеңде қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы туберкулездің алдын алу мен емдеуді насихаттауға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітеді. Айлық 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында өтеді және қоғамның назарын туберкулез проблемасына аударуға арналған», - деді дәрігер.
Оның айтуынша, туберкулезбен күресудің маңызды кезеңі – ауруды ерте анықтау және зертханалық диагностика жүргізу.