Алматыда түлектер автокортежі тоқталып, 21 ата-ана жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда тәртіп сақшылары жол ережесін бұзған мектеп түлектерінің автокөліктерін тоқтатты.

Алматыда түлектер автокортежі тоқталып, 21 ата-ана жауапқа тартылды
Фото: видеодан салынған скрин

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, соңғы қоңырауға арналған салтанатты іс-шара қарсаңында мектеп түлектері автошеру ұйымдастырған.

- Мұндай шараларға тыйым салынатыны туралы ескертуге қарамастан бір топ түлек жол қозғалысы қауіпсіздігін өрескел бұза отырып, қала көшелерімен автокортеж ұйымдастырған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 21 кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасы бала тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлады департаменттен.

Алматыда түлектер автокортежі тоқталып, 21 ата-ана жауапқа тартылды
Фото: видеодан салынған скрин

Сонымен қатар полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде көзделген көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу фактілері бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырды. Көлік құралдары мамандандырылған айып тұрағына қойылды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы мектеп түлектеріне үндеу жасаған болатын.