Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда түнде төбелес шығарған бір топ азамат ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда тұрғын үй кешенінің ауласында түнгі уақытта болған жанжалдың бейнежазбасы тарады. 

Алматыда түнде төбелес шығарған бір топ азамат ұсталды
Фото: polisia.kz

Онда жерде жатқан екі жігітті бірнеше адамның аяусыз ұрып жатқанын көруге болады. 

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Түрксіб ауданында 4 тамыз күні сағат 03:50 болған. Өзара таныс 5 ер адам сөзге келіп, былапыт сөздер айтып, жанжал шығарған және тұрғындардың тыныштығын бұзған.

— Оқиғаға қатысқан барлық азаматтың жеке басы анықталып, жауапкершілікке тартылды. Олардың екеуіне қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, бес азаматтың барлығына қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік материалдар жинақталып, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматы метросында төбелескендерге айыппұл салынды.