Алматыда тұрғындар шағымынан кейін Саин көшесінің автобус жолағына өзгеріс енгізілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Саин көшесінде пилоттық режимде автобус жолағы іске қосылды.
Бұл шешім алматылықтар арасында қызу талқыланып, жүргізшілер тарапынан теріс пікірлер айтылды. Алматы әкімдігі әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлер мен ұсыныстар ескерілгенін мәлімдеді.
Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқарма басшысының орынбасары Асхат Жамаловтың айтуынша, тұрғындар пікірінен кейін көше қиылыстарындағы кіру және шығу аймақтарында пунктирлі сызықтардың ұзындығы өзгерді. Автобус жолағындағы үзік сызықтардың ұзындығы бұрын 20 метр болса, енді 40 метрге дейін ұлғайтылды.
— Бұл жүргізушілер үшін жолақ ауыстыруды ыңғайлы әрі түсінікті етеді, — деді ведомство өкілі.
Еске салайық, 20 маусымнан бастап Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде пилоттық режимде қоғамдық көліктің арнайы жолағы жұмыс іске қосылды. Қоғамдық көлік жолы көшеде сары түспен бөлінді.
Сондай-ақ бұған дейін Саин көшесінің жаңадан ашылған бөлігінде жол қозғалысы қандай екенін жазғанбыз.