Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш FIDE әлем чемпионаты өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда 4-9 тамыз аралығында университеттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясы.
Әлемдік студенттік шахмат додасының финалына 16 университет командасы қатысады. Олардың қатарында Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Saint Louis University, Webster University және University of Texas at Dallas секілді әлемнің жетекші жоғары оқу орындары бар. Қазақстан намысын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық спорт университеті қорғайды.
– FIDE-нің мұндай форматтағы алғашқы чемпионатын өткізу – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Таңдаудың Қазақстанға түсуі еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы жоғары беделі мен сенімінің айқын дәлелі. Бұл турнир спорт шеңберінен шығып, халықаралық ынтымақтастыққа жол ашады. Біз қатысушылардың жоғары деңгейдегі ұйымдастыруды көріп қана қоймай, Қазақстанның қонақжайлылығын сезінгенін қалаймыз, – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Федерация мәліметінше, чемпионат Қазақстан мен Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) арасындағы әріптестіктің жалғасы саналады. 2025 жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев FIDE президенті Аркадий Дворковичпен кездесіп, Қазақстанда халықаралық турнирлер өткізу және бірлескен шахмат жобаларын дамыту мәселелерін талқылаған болатын.
Финалдық кезеңге сегіз команда онлайн іріктеу арқылы жолдама алса, тағы сегіз ұжым FIDE мен ұйымдастырушылардың арнайы шақыруымен қатысады. Командалар төрт топқа бөлініп, үздік сегіздік плей-офф кезеңінде ширек финал, жартылай финал және финалда бақ сынайды.
Әр матч төрт тақтада өтеді. Регламент бойынша әр команда құрамында кемінде бір ер және бір әйел шахматшы болуы тиіс. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 50 мың еуро.
– Іріктеу кезеңдеріне 49 елден 79 команда қатысты. Мұндай ауқым турнирдің халықаралық мәртебесінің жоғары екенін көрсетеді және Қазақстанның әлемдік деңгейдегі интеллектуалдық жарыстарды өткізе алатын ел ретіндегі беделін нығайтады, – деді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
Чемпионатпен қатар 4-5 тамыз күндері Алматыда Қазақстанның 18 жасқа дейінгі құрамасы Әлем құрамасына қарсы халықаралық матч өткізеді. Жарысқа 8, 10, 12, 14, 16 және 18 жасқа дейінгі санаттар бойынша 24 жас шахматшы қатысады.
Турнирді Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы, Алматы қаласының әкімдігі, Freedom компаниялар тобы және Lichess.org ұйымдастырады.
4-9 тамыз аралығында өтетін университеттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты 4 тамыз күні Farabi Hub орталығында өтеді.
Айта кетейік, Динара Сәдуақасова өңірлердегі жас шахматшыларға шәкіртақы тағайындады.