Алматыда урбанистика басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот қайта басталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қала құрылысын бақылау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджановқа қатысты қылмыстық іс сотта қайта қаралып жатыр. 

Алматыда урбанистика басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот қайта басталды
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Бұл іс бойынша барлығы 6 адам айыпталған. 2025 жылдың ақпанында Алматының мамандандырылған ауданаралық соты оларды лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды, пара алды және алаяқтыққа жәрдемдесті деген айыптар бойынша кінәлі деп таныды.

2025 жылғы үкім бойынша Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға, жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов 10 жылға, ал жерге орналастыру, жер телімдерін алып қою және резервке қою бөлімінің экс-басшысы Ерлан Жармұханбетов 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ бағалау компаниясының директоры Алмазхан Бәкіров 8 жылға сотталса, кәсіпкерлер Мұқанбеталы Шалқарбеков пен Берік Үскембаевқа 5 жыл шартты жаза тағайындалды.

Алматыда урбанистика басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот қайта басталды
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Алайда 2026 жылдың ақпанында Алматы қалалық соты бұл үкімнің күшін жойды. Наурыз айында қылмыстық-процестік заңнама талаптарының бұзылуын жою үшін іс прокурорға қайтарылды. Сот құжаттарына сүйенсек, бірінші сатыдағы сот тергеуді толық жүргізбеген және процестік қателіктерге жол берген. Атап айтқанда: 5 эпизод бойынша Ахмеджанов тек мамандардың қорытындысы негізінде кінәлі деп танылған, бірақ сол мамандардың біліктілігі мен құзыреттілігі тиісті деңгейде тексерілмеген.

Одан бөлек бірнеше эпизод бойынша келтірілген шығын көлемі жер телімдерінің нарықтық және кадастрлық құны арасындағы айырмашылықпен есептелген. Бірақ бұл есептеулер де күмән тудырған.

Сот отырысы бүгін қайта басталды. Істі Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Бақытхан Бәкірбаев қарап жатыр. Сотталушылар мен жәбірленуші тарап сот залында фото және видео түсірілім жасауға қарсылық білдірді.

Еске салайық, 2023 жылы шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы урбанистика басқармасының бұрынғы басшысын ұстағаны белгілі болды.