Алматыда велошеруге байланысты бірнеше көше жабылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Almaty Glow Ride» түнгі велошеруіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

Алматыда велошеруге байланысты бірнеше көше жабылады
Видеодан алынған кадр

23 мамырда алғаш рет «Almaty Glow Ride» велошеруі өтеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, ауқымды іс-шара спортты, салауатты өмір салтын және белсенді демалысты насихаттауға бағытталған.

Іс-шараны өткізуге байланысты 23 мамыр сағат 20:00–ден 23:30–ға дейін Төле би көшесінде автокөлік қозғалысы толықтай тоқтатылады. Сонымен қатар сағат 21:45–тен 23:00–ге дейін велошеру қатысушылары колоннасының өтуіне қарай Назарбаев даңғылы мен Желтоқсан көшесінде екі бағытта уақытша қозғалыс шектеуі енгізіледі.

Велошерудің басталуы сағат 22:00–де Астана алаңында жоспарланған. Қатысушылар Төле би көшесі — Назарбаев даңғылы — Тимирязев көшесі (Алматы қаласы әкімдігі маңы) — Желтоқсан көшесі — Төле би көшесі бағытымен қозғалады.

— Іс-шараға 3000-ға дейін адам қатыспақ. Қатысушылар үшін неонды жарық элементтері, ойын-сауық бағдарламасы, байқаулар мен интерактивті белсенділіктер ұйымдастырылады. Қаладағы көлік қозғалысын толық қалпына келтіру сағат 23:30–ға жоспарланған, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңа автобус бағыты ашылды.