Заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 1 миллионға жуық оқырмандары бар блогер ұсталды.

Әділетхан Молдахан
Фото: instagram / adiletkhan

Бұл туралы мәлімет әлеуметтік желіде тарады. Алматы қаласының Полиция департаменті аталған жағдайды растап, түсініктеме берді.

- Азамат М.-ға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр, - деп хабарлады департаменттен.

Әділетхан Молдахан әлеуметтік желіде құқықтық саладағы бейнежазбаларымен танымал. Әсіресе, оның Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты жайлы жариялаған бейнежазбалары желіде кеңінен тарады.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Алматыдағы жол апатынан кейін бірқатар басшы қызметінен босатылғанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар