Алматыда заңсыз салынған дәмхана мен сауда алаңдары бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда сот шешімімен Вильямс көшесі, 73 мекенжайында орналасқан ірі құрылыс бұзылды.

Қала құрылысын бақылау басқармасы мәлім еткендей, бұған дейін меншік иесіне жобалау-сметалық құжаттаманың және сараптама қорытындысының, авторлық және техникалық қадағалаулардың болмауына байланысты әкімшілік шара қабылдаған.
Тексеру барысында меншік иесі экономикалық әдіспен дәмхана мен сауда алаңдарын салғаны анықталды.
«Меншік иесі жіберілген бұзушылықтарды жоюға берілген нұсқаманы орындамады және басқарма Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына бұзуға талап арыз түсірді.Осы жылдың 7 наурызында соттың шешімімен басқарманың талап-арызы қанағаттандырылды. Меншік иесі нысанды сот орындаушыларының қатысуымен бұзды», - деп хабарлады басқармадан.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың заңсыз құрылысқа бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында өткен жылдың басынан бері 45 заңсыз нысан, оның ішінде «Мечта», KHAN, «Алма Гарден» тұрғын үй кешендері бұзылды.