Алматыда жабайы саудамен айналысқан 80 саудагер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда полицейлер жабайы сауданың алдын алу, абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылау және қоғамдық орындарды ластау фактілерін анықтау мақсатында рейд жүргізді.

Барахолка, рейд
Фото: Алматы қалалық полиция департаменті

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, «Барахолка» атымен танымал базарда заңсыз қойылған сауда нүктелері анықталып, барлығы толықтай жойылған.

— Рейд нәтижесінде 80-нен астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында өз аумағында тиісті тәртіпті қамтамасыз етпеген базар әкімшілігі де бар. Біздің міндетіміз — мегаполисте құқық тәртібін қамтамасыз ету, тазалықты сақтау және тұрғындар үшін қауіпсіз, қолайлы жағдай қалыптастыру, — деді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Полиция кәсіпкерлер мен қала тұрғындарын абаттандыру қағидаларын және заң талаптарын сақтауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін «Барахолкада» 67 заңсыз сауда нысаны бұзылды.