Алматыда жаңа «Келешек мектептері» оқушыларды қабылдауға дайын ба
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 1 қыркүйектен бастап жаңа білім нысандары қолданысқа беріледі.
Жаңа оқу жылында мегаполисте 7 «Келешек мектебі» және қала әкімдігінің тапсырысымен салынған «Зерделі» шағын ауданындағы 550 орындық мектеп ашылады. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Кәрімғажы айтты.
Оның сөзінше, қалада 29 мың оқушы орнына әлі де тапшылық бар. Бірақ бұл сан жаңа білім нысандардың есебінен азаятын болады.
— 1 қыркүйектен бастап «Келешек мектептері», оның ішінде Түрксіб ауданындағы № 228 және № 229 мектептер оқушылар үшін есігін ашады. Қазіргі таңда ұстаздар мен оқушыларды қабылдау жүріп жатыр. 1-сыныпқа болжам бойынша биыл 31 мың бала қабылдаймыз. 31 тамызға дейін қабылдау жалғасады, — деді ол.
Сонымен қатар басқарма өкілі Алматыда үш ауысымды мектептер жоқ екенін атап өтті.
Оның айтуынша, «Келешек мектептерінің» өзге білім мекемелерінен басты ерекшелігі — аумағының үлкендігі мен жабдықталу деңгейі.
— Олардың аумағы типтік мектептерге қарағанда 15-20%-ға ұлғайған. Сонымен қатар кабинеттердің 40%-ы техникалық жағынан жабдықталған. Бұл — робототехника, физика, химия, жаратылыстану бағытындағы кабинеттер, — деді Гүлнұр Кәрімғажы.
Сондай-ақ Алматы қаласының Білім басқармасы № 228 және № 229 мектептердің жаңа оқу жылы алдындағы дайындығы көрсетті. Екі білім ордасының әрқайсысы 2 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы. Оқушылар мұнда 1 ауысымда білім алатын болады.
Аталған мектептерде оқу пәндеріне арналған кабинеттерден бөлек тігін машиналары, арнайы құрал-жабдықтар қойылған ерекше сыныптар да бар. Атап айтқанда, робототехника, технология сыныптары, зертхана мен визуалды өнер кабинеті және т. б.
Одан бөлек «Келешек мектептерінің» әрқайсысында мәжіліс залы, 450 орынға асхана және 4 спорт зал қарастырылған. Екі спорт кеңістігі бастауыш сыныптарға, қалған екеуі 5-11 сынып оқушыларына арналған. Әр спорт залда баскетбол, волейбол, ұлттық спорт, үстел теннисі, спорттық гимнастика, футболға арналған жабдықтар алынған.
— Мектептің жобалық қуаттылығы 2000 балаға арналған. Қазіргі таңда 1 мыңға жуық бала жинақталды. 1 қыркүйек — Білім күніне орай мектебіміздің ашылу салтанатын өткізуге толықтай дайынбыз. Сонымен қатар мектебімізге балаларды тасымалдайтын 14 автобус бөлініп отыр. Олар шалғай аудандардан мектебімізге келіп оқитын оқушыларды тасымалдайтын болады, — деді № 229 мектептің директоры Алма Батырханова.
Сонымен қатар ведомство «Мектеп автобусы» жобасының жұмысын жеке таныстырып өтті. Гүлнұр Кәрімғажының айтуынша, биыл оқушыларды тасымалдайтын автобустар саны азайған.
— Осы жаңа 8 мектептің ашылуы арқасында қалада автобустардың саны өткен жылғы 287-ден қазір 250-ге қысқарды. Себебі жаңадан ашылған мектептер балаларға қолайлы жағдай жасап отыр. Оқушыларды алысқа тасымалдау қажет емес, үйлерінің қасынан оқуға бара алады, — деді ол.
Еске салайық, кейінгі бес жылда елімізде 1120 мектеп салынды.