Алматыда жаңа метро бекетін салу үшін жер учаскелері сатып алынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 126 жер учаскесін сатып алу үшін бюджеттен 9 млрд теңге бөлінеді. Алынған учаскелер қолданыстағы көшелерді кеңейту және жаңа метро бекетін салуға қажет.

Алматыда жаңа метро бекетін салу үшін жер учаскелері сатып алынады
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Алматы қалалық қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбековтың айтуынша, көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 13,9 млрд теңге қарастырылған.

«Мегаполистің көлік қатынасын жақсарту мақсатында Сейфуллин-Жансүгіров даңғылындағы жолайырықтың құрылысы жалғасады. Жаңа жолайырықта көлік қозғалысы осы жылдың қазан айында ашылады деп жоспарлануда. Жалпы 126 жер учаскесін сатып алу үшін 9 млрд теңге бөлінеді. Алынған учаскелер қолданыстағы көшелерді кеңейту және жаңа метро бекетін салуға қажет», - деді ол. 

Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев Сейфуллин-Жансүгіров жолайрығын іске қосу бірқатар көшенің өткізу қабілетін орта есеппен 15-20%-ға арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында жолайрығын салу Сейфуллин даңғылында өткізу қабілетін 15-20%-ға, Жансүгіров көшесі бойынша 15%-ға арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Қазір «Батыс» және «Шығыс» өткелдерінде тротуарларды орнату, инженерлік желілерді қайта құру, сондай-ақ жер үсті жаяу жүргіншілер жолын салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді басқарма басшысы.

Бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев 2025 жылы бірнеше көшені ұзарту үшін жер телімдерін сатып алудың аяқталатынын айтқан. 

Еске салайық, бүгін Алматыда қалалық мәслихатының кезекті XXII сессиясы өтті.

Соңғы жаңалықтар