Алматыдағы жаңа стадионда орын саны 35 мыңнан көбейтіле ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының жаңа стадионында шынайы шөп жабыны болады.
Алматыда жаңа футбол алаңы салынатыны туралы жаңалық қоғамда кеңінен талқыға түсті. Спорт сарапшылары мен футбол жанкүйерлері әлеуметтік желіде 2,2 млн тұрғыны бар қалаға 35 мыңдық стадион шағын болатынын айтып, алаң сыйымдылығын көбейтуді ұсынды.
Осыған орай, Kazinform агенттігі қалалық құрылыс басқармасына «жаңа стадиондағы орын саны 35 мыңнан көп болуы мүмкін бе?» деп сауал жолдады.
- Қазіргі уақытта бекітілген жобалауға арналған тапсырмаға және алдын ала әзірленген эскиздік жобаға сәйкес, жаңа стадионның сыйымдылығы 35 000 орын болып белгіленген, - делінген басқарма жауабында.
Сондай-ақ басқарма құрылыс жұмысының мерзімі әлі нақтыланбағанын атап өтті.
— Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша мердігер ұйыммен келісімшарт осы жылдың қараша айына дейін жасалатын болады. Жобалау жұмыстарының көлемі мен мерзімі аталған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылады. Жобада шынайы табиғи шөп жабыны бар футбол алаңы қарастырылған, - делінген жауапта.
Ведомство жаңа стадион УЕФА-ның 4-санат талаптарына сай етіп салынатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ жобалық шешімге сәйкес, стадионға келушілер үшін 1 мыңнан астам көлікке арналған автотұрақ орыны жоспарланған.
Еске салайық, Алматыда жаңа стадион Құлжа мен Талғар тас жолдарының арасында, 15 гектар жерде салынатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ биыл жаңа стадион құрылысына байланысты алғашқы жұмыстар басталатынын жазған едік.