Алматыда жаппай төбелес кезінде екі жасөспірім мерт болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жасөпірімдер арасында жаппай төбелес болып, жанжалға қатысқандар бір-біріне пышақ сілтеген.

полиция
Фото: видеодан алынған скрин

Желідегі мәлімет бойынша кикілжің қаладағы компьютер клубтарының бірінде туындаған. Жасөпірімдер өзара дауды далаға шығып шешпек болған, оның соңы төбелеске ұласқан.

Алматы қаласының Полиция департаменті жастар арасындағы жанжал барысында кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде барлық күдіктілер анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

- Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріліп, оқиғаға қатысы айқындалады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады департаменттен.

Тергеу барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Еске салайық, Ақтөбеде мұнайшылар төбелесіп, біреуі пышақ жарақатын алды.