Алматыда жарық жоқтығына шағымданған тұрғындар көшені жаппақ болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда бірнеше тұрғын үйдің тұрғындары наразылық білдіріп, көшеге шықты.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан жарықтың сөнуіне наразылық білдірген тұрғындардың Төле би көшесін жаппақ болғанын көруге болады. Желідегі мәлімет бойынша оқиға орнында River City, New Life және Adele тұрғын үй кешендерінің тұрғындары болған.
Аталған жағдайға байланысты «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ (АЖК) түсініктеме берді. Олардың жауабына сәйкес, 2026 жылдың 22 маусымындағы жағдай бойынша «Qazag Stroy Almaty» ЖШС ұйымының «АЖК» АҚ-ның «Энергосбыт» филиалы алдында электр энергиясы үшін 60 749 265,44 теңгеге берешегі бар. Бұл қарыз кейінгі 4 ай бойы төлемдердің жүргізілмеуіне байланысты жиналған. Сондықтан мәжбүрлі шешім ретінде «Qazag Stroy Almaty» ЖШС-ның тұрғын үй кешеніндерінде күндізгі уақытта жарық өшіріле бастаған.
— «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ электр энергиясын өндіруші ұйымдар алдындағы өз міндеттемелерін уақтылы орындауға жауапты. Төлемдердің уақытылы түспеуі жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қосымша қаржылық жүктеме түсіреді. Осыған байланысты электр энергиясын шектеу шаралары тек ең соңғы және мәжбүрлі шешім ретінде қолданылды, — деп хабарлады «АЖК» өкілдері.
Сонымен қатар компания әрбір тұрғынның жеке төлемі туралы ақпарат жоқ екенін хабарлады.
— Себебі ішкі электр желілері құрылыс салушының немесе басқарушы ұйымның теңгерімінде болады. Төлемдерді есептеу және жинау да сол ұйымдар арқылы жүзеге асырылады, — делінген жауапта.
Еске салайық, елде электр және жылу желілерін жаңғыртуға 22 млрд теңге жұмсалады.