Алматыда жасөспірімдер тобы кәмелетке толмаған қызға шабуыл жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда кәмелетке толмаған қызға қатысты жасөспірімдер тобының заңға қайшы әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталған. Интернетте жарияланған бейнежазба кейіннен өшірілген.
– Аталған дерек бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы басшылықтың ерекше бақылауында, – деп мәлімдеді полиция.
Сонымен қатар Kazinform агенттігі Алматы қалалық Білім басқармасына ресми сауал жолдады. Материал жарияланған сәтке дейін ведомстводан жауап түспеген. Түсініктеме алынғаннан кейін ақпарат толықтырылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қаскелеңде жасөспірімдер ер адамды соққыға жыққан болатын. Кейін полиция оқиғаға қатысушылардың ұсталғанын хабарлаған еді.