Алматыда жаяу жүргіншілер жиі зардап шегетін көше қиылыстары белгілі болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының Полиция департаменті жол-көлік оқиғалары жиі болатын қаладағы қауіпті учаскелерді атады.

Жыл басынан бері мегаполисте жаяу жүргіншілер зардап шеккен 650 жол-көлік оқиғасы болды. Оның ішінде адам өліміне әкелген жол апаттары да бар.
— Алатау ауданында 80 жаяу жүргіншіге көліктің зардабы тиген, оның бір жағдайында адам мерт болды. Аудандағы қауіпті учаскелер қатарына Рысқұлов даңғылы, Саин және Жанқожа батыр көшелері жатады.
— Әуезов ауданында мұндай фактілердің саны — 112, екі жағдайда адам қаза тапты. Қауіптілігі жоғары көшелер қатарында Абай даңғылы, Саин, Шаляпин көшелері бар.
— Бостандық ауданында жол-көлік оқиғаларына 102 жаяу жүргінші зардап шеккен, оның ішінде 3 адам көз жұмды. Жол апатты жиі болатыр учаскелер: Әл-Фараби даңғылы, Сәтбаев және Тимирязев көшелері.
— Жетісу ауданында 68 адамды көлік қағып кеткен және 1 адам мерт болған. Мұндай фактілер көбіне Бөкейханов, Кудерин көшелерінде және Рысқұлов даңғылында тіркеледі.
— Медеу ауданында 70 жаяу жүргінші жол-көлік оқиғасынан зардап шекті, біреуі қаза тапты. Қауіпті учаскелер: Шығыс айналма автожолы, Достық даңғылы және Құлжа трактісі.
— Наурызбай ауданында 44 ұқсас жағдай тіркелген. Мұнда жол апаты Әшімов көшесі мен Райымбек даңғылында жиі болады.
— Түрксіб ауданында 78 жағдайда жаяу жүргіншілер зардап шеккен, бір жағдайда адам қаза тапты. Майлин, Шолохов-Рихард Зорге және Сүйінбай көшелері қауіпті деп танылды.
Еске салайық, Алматыда жүк көлігі 7 жасар қызды басып кеткенін жазғанбыз.
7 жасар қыздың өмірін қиған жол апатына кім кінәлі екенін сарапшылар пайымдады.