Алматыда жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қорқытқан екі ер адам ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда заңға қайшы әрекет жасаған екі ер адам ұсталды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, құқықбұзушылар алдымен жедел жәрдем шақырған. Алайда медицина қызметкерлері келген соң, оларды пышақпен қорқытқан.
Оқиға туралы тәртіп сақшыларына жедел жәрдем бригадасы хабарлады. Нәтижесінде Қазыбек би және Бәрібаев көшелерінің қиылысына полиция қызметкерлері жедел жетіп, екі ер адамды ұстады.
- Алдын ала мәлімет бойынша олардың есірткіге масаң күйде болғаны анықталды. Екеуі медицина қызметкерлері келгенге дейін синтетикалық есірткі қолданғандарын айтты. Жедел жәрдем қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Ұсталғандар полиция бөлімшесіне жеткізілді, - деп хабарлады департаменттен.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде пышақтың қайдан алынғаны, оны сақтау және алып жүру мақсаты анықталып жатыр. Полиция әр адамның әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жедел жәрдем қызметкерлерінің жол жөндеп жатқан сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.