Алматыда жиі су басатын учаскелерде жаңа арық жүйесі салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда су басу мәселесін жою үшін сорғы станциясын салып, арық жүйесін жаңғырту жоспарланып отыр.

Алматы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, Бостандық ауданы, Жәңгір хан көшесінде нөсер жауыннан кейін үнемі 1,2 метрге дейін су жиналады. Себебі бұл еңісте орналасқан жер, бұрын өзен арнасы болған. Мәселені шешу үшін сағатына 400 текше метр су айдайтын кәріз сорғы станциясын салу қажет.
– Былтырғы нөсер жауын Әл-Фараби даңғылы бойында да үлкен зардап әкелген еді. Қазір бұл бағытта жоба дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Онда Қаппаров көшесінде арық жүйесін салу, ал Үшкемпіров көшесінде екі ірі су қабылдағыш орнату қарастырылған, - деп хабарлады әкімдіктен.
Сондай-ақ Қабанбай батыр көшесінде де су бұру жүйесінің олқылығы анықталды. Арық өткелі опырылып, жауын кезінде су тасып, жолға шығып кетеді. Қала әкімдігі мұнда үлкен диаметрлі темірбетон құбырларын орнатуды жоспарлап отыр.
Одан бөлек Шығыс айналма жолы – Халиуллин – Таиров – Шақшақ Жәнібек көшелерінің аумағында су құбыры және кәріз жүйесі салынып жатыр. Мұнда мердігер ұйым жолға түсетін салмақты азайту үшін жерді тесу әдісін қолданып жатыр.
Еске салайық, 16 қыркүйек күні жаңбыр кезінде мегаполисте 6 үйді және 7 үйдің ауласын су басты.
Одан бөлек қатты жауын-шашын салдарынан Аманжол көшесіндегі жол жабыны опырылып, 13 көлік зақымданды.