Алматыда ЖРВИ мен тұмау жұқтыру көрсеткіші 40 пайызға төмендеген
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының бас санитарлық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы мегаполистегі эпидемиологиялық жағдай жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, өткен аптада ЖРВИ-дің 6062 жағдайы тіркелген. 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші — 258 адам. Бұл оның алдындағы апта көрсеткішінен 40,9%-ға төмен, ол кезде 10269 жағдай болған. Ауру жұқтырғандардың жартысы балалар — 50,2% немесе 3043 жағдай.
— Қаланың 21 мектебінде оқушылар арасында шекті деңгейден аспайтын ЖРВИ жұқтырудың 38 жағдайы тіркелді, оқушылар көктемгі демалыста. Одан бөлек қалада А/H3N2 типті тұмау вирусы, риновирус, РС вирус, парагрипп, аденовирус, метапневмовирус және маусымдық коронавирус сияқты басқа да тұмауға жатпайтын ЖРВИ вирустары айналымда бар, — деді Қасымхан Алпысбайұлы.
Маман ЖРВИ мен тұмауды алдын алу үшін қарапайым қадаидарды естен шығармау керек екенін ескертті. Олардың қатарында: С дәруменін, оксолин сықпасын қолдану, бөлмелерде ылғалмен тазалап, желдету, сондай-ақ ауырған жағдайда өз бетімен ем-дом қолданбай, медицина қызметкерін шақыруы қажет. Ауырған балаларды мектепке, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне, мәдени іс-шаралар жүргізілетін орындарға жібермеу қажет.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда тұмау жұқтырғандары саны 10 мыңнан асқанын жазғанбыз.