Жүк көлігі мен пойыз соқтығысты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жүк көлігі пойызбен соқтығысты.
Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Түрксіб ауданында болды. Алдын ала мәлімет бойынша КАМАЗ жүк көлігінің жүргізушісі маневр жасау кезінде теміржол өткеліне шығып, тоғыз вагоннан тұратын пойызбен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан КАМАЗ жүргізушісі түрлі дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Жүк көлігіне айтарлықтай механикалық зақым келген.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша Түрксіб аудандық Полиция басқармасында іс тіркелді. Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
- Теміржол өткелі – қауіптілігі жоғары аймақ. Мұндағы бір ғана қателік орны толмас салдарға әкелуі мүмкін. Полицейлер жүргізушілерді теміржол өткелдерінен өту қағидаларын қатаң сақтауға және өткелден өту кезінде барынша мұқият болуға шақырады, - деп хабарлады департаменттен.
Бұған дейін Алматыда жол апатынан екі адам мерт болды.