Алматыда жұмыстан айырылуына байланысты төлем алатындар саны 60%-ға көбейген
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жыл басынан бері 94 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Мұрат Мұратбековтың айтуынша, бірінші жартыжылдықта мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 94 мыңнан астам алматылық әлеуметтік төлем алды. Тұрғындарды қолдауға жалпы 48,5 млрд теңге бағытталған.
Әлеуметтік төлемнің көбі балалы отбасыларға бағытталған. Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді 9 586 жұмыс істейтін әйел алса, оларға жалпы 12,1 млрд теңге төленген. Тағы 46 283 адам бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне әлеуметтік төлем алып отыр. Бұған 21,8 млрд теңге жұмсалған.
Сондай-ақ биыл жұмысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлем бойынша ең жоғары өсім тіркелді. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай төлемді 17 707 адам алып, оған 5,9 млрд теңге жұмсалған. 2026 жылы олардың саны 25 510 адамға жетіп, төлем көлемі 9,5 млрд теңгеге жеткен. Жалпы өсім — 59%.
Одан бөлек асыраушысынан айырылуына байланысты осы жылдың 6 айында 5 223 отбасыға 2,1 млрд теңге төленген. Ал еңбекке қабілеттілігінен айырылған азаматтарға жарты жылда 2,9 млрд теңгеге көмек көрсетілді.
Еске салайық, Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арзандады.