Алматыда жүректің ауыр ақауы бар жүкті әйелге шұғыл ота жасалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қалалық кардиология орталығында дәрігерлер 37 жастағы жүкті әйел мен оның сәбиінің өмірін сақтап қалды. Аса күрделі симультантты операция шұғыл түрде жасалып, ана мен бала үшін жалғыз мүмкіндік болды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

а
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Пациент жүктіліктің 30-аптасында өте ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оған аортаның түбірінен құрсақ бөлігіне дейін созылған ажырайтын аневризма диагнозын қойған. Бұл – санаулы минуттардың ішінде өлімге әкелуі мүмкін аса қауіпті жағдай. Ахуалды туа біткен жүрек ақауы – қосжармалы аорталық қақпақшаның критикалық стенозы одан әрі күрделендірген.

Әйел бұған дейін Қытайда тұрып, сол елде медициналық бақылауда болған. Алайда жағдайының күрт нашарлауына байланысты Қазақстанда шұғыл көмек қажет болған. Қазіргі уақытта пациент Алматы қаласында тұрады.

- Екі бірдей өмірге төнген қатерге байланысты емдеу тактикасы мультидисциплинарлық тәсіл негізінде құрылған. Кардиохирургтер, акушер-гинекологтар, реаниматологтар, неонатологтар және басқа да бейінді мамандар жұмылдырылды, - делінген ақпаратта.

Операцияны №2 қалалық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологтарымен бірлесіп Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Жадыра Ахметова жүргізді.

Бірінші кезеңде шұғыл кесарь тілігі жасалып, салмағы 1450 грамм болатын қыз бала дүниеге келді. Осыдан кейін дәрігерлер ана өмірін сақтап қалудың екінші, одан да күрделі кезеңіне – ашық жүрекке жасалатын операцияға кірісті.

Қалалық кардиология орталығының директоры Ермагамбет Қуатбаевтың жетекшілігімен кардиохирургтер Bentall–De Bono әдісі бойынша механикалық протез имплантациясымен жоғары технологиялық ота жасады. Бұл араласу аортаның жарылу қаупін жойып, пациенттің жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

- Дәрігерлердің жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында ана мен баланың өмірі сақталды.

Қазіргі уақытта әйел Қалалық кардиология орталығында ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты. Жаңа туған нәресте №2 қалалық перинаталдық орталықтың реаниматолог дәрігерлерінің тәулік бойғы бақылауында. Нәрестенің жағдайы ауыр деп бағалануда, алайда оң динамика байқалады. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті жалғастырып жатыр, - деп мәлімдеді министрліктен.

Айта кетейік, Жамбыл облысында перзентханадағы ана өліміне байланысты жоспардан тыс тексеру басталды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум