Алматыдағы бұрынғы трамвай депосының қазіргі жай-күй қалай
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы көшелерімен трамвайлардың жүрмегеніне 10 жылдан астам уақыт болды. Ал бұл қоғамдық көлік түрінің үйі болған бұрынғы трамвай депосының аумағы әлі күнге дейін қаңырап тұр.
2015 жылы Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбек мегаполистегі трамвай қозғалысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Сол уақытта ескі трамвайлардың орнына заманауи LRT желісі салынатыны, ал депо аумағында «Depo Evolution Park» креативті хабы болатыны хабарланды. Оның құрылысын 2021 жылдың соңында аяқтау жоспарланған еді, бірақ жоба жүзеге аспады.

Ал 2022 жылы Алматының тағы бір экс-әкімі Ерболат Досаев бұрынғы трамвай депосының орнында жалпыға қолжетімді жастар орталығы пайда болатынын айтты.

Алайда бүгінге дейін ол аумақта ештеңе салынған жоқ. Трамвай депосы Алматы қаласының құрылыс басқармасына қарамағында тұр.

Kazinform агенттігінің фототілшісі бұл жаққа арнайы барып, оның жай-күйімен танысып қайтты. Қазір депо айналасы қоршалған. Қоршаудың арғы жағынан жартылай бұзылған көлікжай мен жан-жақта шашылып жатқан құрылыс материалдары көрінеді. 2026 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша мұнда ешқандай белсенді құрылыс жұмыстары байқалмайды.

Еске салайық, 2025 жылдың қазан айында қала құрылысы кеңесі трамвай депосын реконструкциялаудың жаңа эскиздік жобасын мақұлдаған болатын. Сол жоба бойынша бұл аумақта қосымша көрме алаңдары, көпфункционалды ивент-кеңістік және жаяу жүргіншілер мен жасыл аймақты кеңейтуге мүмкіндік беретін жерасты паркингі пайда болуы тиіс. Алматы қаласының құрылыс басқармасы агенттік сауалына берген жауабында құрылыс жұмыстарының әлі басталмағанын хабарлады.
— Бұрынғы трамвай депосының аумағында жаңа нысан салуға қатысты 2025 жылғы 4 наурыздағы № 02-0037/25 мемлекеттік сараптама қорытындысы бар. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржы бөлінуі қажет, — делінген ведомство жауабында.
Дегенмен, бюджет қаражатының нақты қашан бөлінетіні әзірге белгісіз.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ол бойынша жеңіл рельсті көліктің құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр.