22:03, 02 Ақпан 2026 | GMT +5
Алматыдағы демалыс орнынан «ойын-сауыққа арналған газ» табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда адамға күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату дерегі анықталды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында ойын-сауық мекемесінен азот тотығы салынған металл баллондар тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— Осындай заттарды «ойын-сауық» немесе «зиянсыз қызмет» ретінде өткізуге бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылады. Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады, — деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Еске салайық, Алматыда цифрлық төлеммен жұмыс істеген есірткі таратушылар ұсталды.