11:00, 20 Наурыз 2025 | GMT +5
Алматыдағы Қарғалы өзенінің арнасы 2026 жылға дейін қайта жөнделеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінің жағалауында көркейту жұмыстары жүреді.

Алматы әкімі Ерболат Досаев былтыр өзен жағалауында 3,5 км жаяу жүргіншілер аймағы салынғанын атап өтті. Биыл өзен арнасын жаңарту жұмыстары басталады.
- Биыл маусым айында Қарғалы өзені арнасын 6,7 км қашықтықта қайта жаңарту және көркейту жұмыстары басталады. Жоба аясында 2026 жылдың маусымына дейін өзен арнасының бетон қабырғаларын қайта құру, су өткізу құрылыстарын қалпына келтіру, көгалдандыру және 10 жаяу жүргінші көпірін салу жоспарланған, – деді қала әкімі.
Еске салайық, былтыр Ерболат Досаев Қарғалы өзенінің атын өзгерту туралы ұсынысқа пікір білдірген болатын.