Алматыдағы Көк базар жаңартылады

Алматыдағы Көк базар жаңартылады
Фото: ҚазАқпарат ХАА

«Көк базарды» модернизациялау басталды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Желілерді реконструкциялау, орталық кіреберістің алдындағы бетон жабындысын жаңарту, тірек конструкцияларын күшейту, аумақты абаттандыру жоспарда. Бұл жұмыстар 2024 жылдың соңына дейін аяқталады», - деді қала басшысы.

Айтуынша, қала тұрғындары мен туристер жиі баратын танымал орынның бірі болғандықтан, модернизация кезінде базар жабылмайды. Жұмыс шағын аумақтарда жүргізіледі. Реконструкция шығынын базар иесі көтереді. Сонымен қатар ол қазан айында оқушылар сарайын модернизациялаудың екінші кезеңі аяқталатынын атап өтті.

«Жаңғырту аясында жылыту, желдету және ауаны баптау, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін ауыстыру, жаңа трансформаторлық подстанция орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс қазан айының соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар, обсерваторияда жөндеу жұмыстары жасалып, жаңа лифт пен телескоп орнатылады. Бұл 2023 жылдың желтоқсан айында бітеді», - деді әкім.

Соңғы жаңалықтар