Алматыдағы теміржол ауруханасын жөндеу жұмыстары тағы да шегерілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Абай мен Масаншы көшелерінің қиылысында бұрынғы темір жол ауруханасы орналасқан. Көп жылдар қараусыз қалған ғимараттың жөндеу жұмыстары тағы да ұзартылды.

ескі аурухана
Фото: Kazinform/Досбол Атажан

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2023 жылдың тамыз айында бұрынғы теміржол ауруханасының ғимаратында балаларды оңалтудың қалалық орталығы ашылатынын айтты. Қала басшысының сөзінен кейін ғимарат аумағы қоршалып, нысан паспорты ілінген болатын. Паспорт бойынша жөндеу жұмыстары 2024 жылдың мамырында басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталуы қажет еді.

Алайда жоспарланған жұмыстар уақтылы басталмады. Ол кезде редакция сауалына қала әкімдігі жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталмағанын айтып, жауап берді. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айына басталатынын хабарлады.

аурухана
Фото: Kazinform / Досбол Атажан

Дегенмен, қазан айында терезелері сынып, қабырғасы көгерген ғимараттың жөндеу жұмыстары тағы да басталған жоқ. Осы орайда, Kazinform тілшісі қала әкімшілігіне қайтадан жүгінді. Алматы қаласының Құрылыс басқармасы бұл жолы жөндеу жұмыстарының басталмауын нысанның табиғи тозу үлесі артуына байланысты ғимаратқа қайта техникалық зерттеу жұмыстары жүргізу қажеттігімен түсіндірді.

- 2021 жылы тамызда Абай көшесінің бойындағы қалалық балаларды оңалту орталығы ретінде Оқу-клиникалық орталығының ғимаратын қайта жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу басталды. 2023 жылдың қазан айында медициналық жабдықтар бойынша клиникалық-техникалық негіздеменің қорытындысы алынды. Бүгінгі күні Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығынан техникалық сипаттамаларды бағалау бойынша қорытынды алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жобаланып жатқан нысанның табиғи тозу үлесі артуына байланысты ғимаратқа қайта техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижесі бойынша жобаны түзету жұмыстары жүріп жатыр, - деп хабарлады басқармадан.

аурухана
Фото: Kazinform / Досбол Атажан

Сонымен қатар, Құрылыс басқармасы редакция сауалына жіберген жауабында мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу 2025 жылдың 1 тоқсанына жоспарланғанын, ал құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталу уақыты - 2025 жылдын мамыр айы екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қараусыз қалған аурухана қашан жөнделетіні туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар