Алматыдан әлемнің 53 қаласына тікелей әуе рейсі бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы еліміздің жетекші халықаралық авиациялық хабына айналып келеді. Бұл туралы Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылдың 5 айында Алматы әуежайының халықаралық терминалы 2,2 миллион шетелдік жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Осы уақыт аралығында 20,6 мың халықаралық әуе рейсі орындалып, олардың саны 8,6%-ға артқан.
Жалпы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Алматы әлемнің 53 қаласымен тікелей әуе қатынасын қамтамасыз етіп отыр. Оның ішінде биылдан бері Шанхай, Ташкент, Пусан, Варшава, Даламан, Ларнака және Ереван қалаларына тұрақты және маусымдық рейстер ашылды. Сонымен қатар Самарқанд, Франкфурт және Сеул бағыттары бойынша әуе қатынасы қайта жанданды.
- Халықаралық әуе қатынасын кеңейту Алматының көлік қолжетімділігін арттырып, туризмнің дамуына серпін береді, іскерлік байланысты нығайтады және қала экономикасының дамуына қосымша мүмкіндік ашады, – деді Ғалия Тоқсейітова.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайының халықаралық терминалында желдету жүйесінің құбыры құлады.
Алматы әуежайындағы оқиғадан кейін тексеріс жүргізілетіні белгілі болды.