Алматыдан депортацияланатын шетелдіктер саны жыл сайын артып келеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыға келетін шетелдіктер арасында көші-қон заңнамасын бұзатындар саны көбейіп отыр. 

Алматыдан депортацияланатын шетелдіктер саны жыл сайын артып келеді
Фото: polisia.kz

Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы қаласы полиция департаменті биыл мегаполисте шетел азаматтары тарапынан 16 975 көші-қон заңнамасын бұзу деректері тіркелгенін хабарлады.

Оның ішінде 2 211 азамат сот қаулысымен Қазақстан Республикасының аумағынан 5 жылға шығарылған. Қалғандарына ҚР ӘҚБтК 517-бабының талаптары бойынша айыппұл салынып, ескерту жасалған.

Одан бөлек қалада заңсыз жүрген азаматтардың еңбегін пайдаланған 214 қазақстандық азамат пен ұйым жауапқа тартылған.

Жалпы Көші-қон қызметі басқармасының мәліметіне сәйкес, кейінгі жылдары сот қаулысымен елден шығарылған шетелдік азаматтардың саны келесідей:

— 2022 жылы — 744 азамат;

— 2023 жылы — 1568 азамат,

— 2024 жылы — 2536 азамат.

— Алматы қаласында заңсыз жүрген шетелдіктердің көбі әртүрлі жұмыс істейді, алайда негізгі бөлігі — құрылыс саласында, — деп түсіндірді полиция департаментінен.

Шетелдіктер қалай заңды жұмыс істей алады

Ал Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, кейінгі жылдары қалада заңды түрде жұмыс істейтін шетелдіктердің де саны артқан. Атап айтқанда:

— 2022 жылы — 1199;

— 2023 жылы — 1242;

— 2024 жылы — 1283;

— 2025 жылы — 1674 шетелдік азаматқа Алматыда заңды жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Сонымен қатар ведомство шетелдіктерді заңды түрде жұмысқа орналастыру процессі қалай жүретінін түсіндірді. Алдымен, жұмыс беруші бос жұмыс орны туралы хабарландыруды электрондық еңбек биржасына жариялайды. Оған 15 күн ішінде тиісті үміткер табылмаса, жұмыс беруші хабарландырудың кодын көрсете отырып, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру туралы жергілікті атқарушы органға өтініш жібереді.

Жергілікті атқарушы орган өтінішті 6 жұмыс күні ішінде құжаттарды мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын талаптарға сәйкес келуін қарап, рұқсат беру не беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

— Қазақстан аумағында еңбек ету үшін шетелдік жұмыс күшінің білім деңгейі және жұмыс өтілі кәсіптік стандарттарға сай болғанда немесе басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілігі жоғары болғанда рұқсат беріледі. Одан бөлек ұжымдағы бірінші және екінші санаттарға жататын жұмыскерлердің санының кемінде 70 пайызы, үшінші және төртінші санаттарға жататын жұмыскерлердің санының кемінде 90 пайызы Қазақстан Республикасы азаматтары болуы керек, — деп хабарлады ведомство.

Шетелдік жұмыс күшін пайдалануға рұқсат берілген соң, белгіленген мөлшерлеме бойынша салық алымы алынады.

Еске салайық, Астанада шетелдік азамат Қазақстаннан 200 мың еуроны заңсыз әкетуге әрекеттенгені үшін жауапқа тартылды.

Соңғы жаңалықтар