Алматыдан Қаскелең мен Ұзынағашқа қатынайтын автобустар жолға шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM - 1 қарашадан бастап тағы үш қала маңы маршруты іске қосылды.
№245 бағыты Ұзынағаш ауылының автобекетінен – Төле би-Яссауи автобекетіне дейін. Бұл бағытта үлкен сыйымдылықтағы 25 автобус қызмет көрсетеді. Қозғалыс уақыты: 5:45-тен 23:00-ге дейін. Тасымалдаушы – «Ecobus service» ЖШС.
№254 автобус Қаскелең – «Сәлем» базары. Мұнда үлкен сыйымдылықтағы 16 автобус жұмыс істейді. Қозғалыс уақыты: 5:50-ден 23:00-ге дейін. Тасымалдаушы – «Мәдина» ЖШС.
№239 қоғамдық көлік «Б.Момышұлы» метро бекеті – Долан ауылы. Бұл бағытта 18 автобус қызмет көрсетеді. Қозғалыс уақыты: 5:30-дан 23:01-ге дейін. Тасымалдаушы – «Neo City Trans» ЖШС.
Жол ақысы қала ішіндегі сияқты 120 теңге, барлық автобус «Onay» электронды билеттеу жүйесімен жабдықталған.
Айта кету керек, жолаушылар мен жүкті автокөлікпен тасымалдау ережесіне сәйкес, бұл маршруттар тасымалдаушыларға байқау өткізілгенге дейін уақытша берілді және сынақ режимінде жұмыс істейді. Мониторинг нәтижесі бойынша маршруттардың қозғалыс сызбалары жолаушылар легі мен халықтың қажеттілігіне қарай түзетіледі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы мегаполис басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 600 автобус пен 100 троллейбус сатып алынып, 50-ге жуық елді мекенді қамтитын 22 жаңа бағыт, соның ішінде 10 қала маңы маршруты ұйымдастырылды. Биыл тағы 600 автобус, 112 троллейбус және 100 электр автобусы сатып алынды.
Бұған дейін Алматыда қала маңына қатынайтын үш жаңа автобус бағыты ашылғанын жазған болатынбыз.