Алматыдан Түркияның Измир қаласына тікелей рейс ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – 31 шілдеден бастап Алматы мен Түркияның Измир қаласы арасында тікелей әуе рейсі іске қосылады. Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа бағытты SunExpress әуе компаниясы ашады. Әуежай мәліметінше, жаңа рейс Қазақстан мен Түркия арасындағы туристік, іскерлік және мәдени байланысты нығайтып, Алматының халықаралық әуе бағыттарының географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Рейстер 2026 жылдың қазан айының соңына дейін аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері Boeing 737-800 ұшағымен орындалады. Измирден ұшақ сағат 21:00-де ұшып, келесі күні сағат 05:00-де Алматыға қонады, – делінген хабарламада.
Кері бағыттағы рейстер сәрсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады. Алматыдан ұшу уақыты – 06:25, ал Измирге келу – 09:50.
– Жаңа әуе бағыты екі ел арасындағы көлік қатынасын дамытуға және жолаушылар үшін халықаралық сапарлардың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді, – деп атап өтті әуежайдың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қытай әуе компаниясы Астана – Құлжа бағытын ашуды жоспарлап отыр.