Алматыға Қытайдың Сиань қаласынан туристік пойыз келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы-2 теміржол вокзалына Қытайдан келген «Сиань-Алматы» бағытындағы алғашқы халықаралық туристік пойыз келіп жетті.

Қаланың теміржол вокзалында Қытайдан келген туристерді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Жалпы пойыз 9 вагоннан құралған. Туристік делегация құрамында 246 адам бар. Олардың қатарында кәсіпкерлер, ғалымдар, мәдениет пен спорт саласының танымал өкілдері бар. Қытайлық қонақтар бес күн бойы еліміздің оңтүстік астанасының тарихи-мәдени ерекшеліктерімен танысып, түрлі шараларға қатысады.

— Былтыр Қытайдан келген туристердің саны 700 мыңға дейін жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 9 есеге артқан. Тек 2024 жылы еліміздің қонақүйлеріне 200 мың қытайлық турист келген. Өткен жыл Қытайдағы Қазақстан туризм жылы жарияланған болатын. Ал биыл Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы. Бұл пойыз екі ел арасындағы байланысты нығайтатын тұрақты маршрутқа айналып, жаңа бастамаларға жол ашады деп сенемін, — деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.



Туристік пойыз Үрімжі қаласы арқылы өтіп, Қорғас халықаралық шекара бекетінде тоқтаған. Онда пойыздың дөңгелек жұптары ауыстырылып, одан әрі пойыз Алтынкөл станциясы арқылы Алматы қаласына келіп жеткен.

— Бұл жоба екі жыл бойы дайындалып, Қытай мен Қазақстан басшылығының ерекше назарында болды. Дайындық барысында көлік, мәдениет және туризм, теміржол, шекара қызметінің қызметкерлері орасан зор еңбек етті. Сондықтан барлық тараптарға алғыс білдіремін. Алысты жақын еткен теміржол — шығыс пен батысты жалғайтын көпір іспетті. 2025 жылы Қытай туризмінің жылы. Ендігі кезекте осы пойыз Қытай мен Орталық Азия елдері арасында туристік ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатынына сенемін, — деді Қытайдың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй.



Еске салайық, бұған дейін Қытайдың қақ ортасындағы Сиань қаласынан Алматыға туристік пойыз келе жатқанын жазғанбыз.
Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасыда қатынайтын Jibek Joly туристік пойызы іске қосылды.