Алматылық әр жүргізушіге тегін тұрақ орны берілуі мүмкін
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ақылы тұрақтар жүйесін реформалау жоспарланып отыр. Бұл туралы жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев айтты.
Оның сөзінше, қазір резиденттік абонемент жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл бастама бойынша жергілікті тұрғындар үйлеріне жақын ақылы тұрақтарға көліктерін тегін қоя алады.
— Егер тұрғынның өзі пәтері мен көлігі болса, оған тұрақтан бір орын тегін беріледі. Ал егер пәтер жалдаушы болса, бұл дерек тіркелуі тиіс. Мысалы, сол мекенжайда тұратынын дәлелдеуі керек. Бұл жұмысты Әділет органдары арқылы міндетті түрде пысықтаймыз. Осы жоспар бойынша бір пәтерге бір тегін орын бөлінеді, — деді Ержан Диханбаев.
Ол резиденттік абонемент жобасы ақылы тұрақтар жүйесін одан әрі дамытудың және қаладағы көлік жүктемесін реттеудің бір бөлігі екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі көпқабатты автотұрақ жобасынан бас тартқанын жазғанбыз.