Түркістанда психиатриялық есептегі 89 азаматтың көлік жүргізуіне жол берілген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында медициналық қарсы көрсетілімі бар 89 азаматтың көлік құралын басқаруға жіберілгені анықталды.
Сарыағаш ауданының прокуратурасы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді.
Талдау барысында наркологиялық және психиатриялық есепте тұрған, көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдері бар 89 адамның жүргізуші куәліктері болғаны және олардың көлік құралын басқаруға жіберілгені белгілі болды.
— Заңнама талаптарына сәйкес психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстары және психоактивті заттарды қолдануға байланысты бұзылыстары бар адамдар медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда көлік құралын басқаруға жіберілмейді. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде сот шешімімен аталған тұлғалардың көлік құралын басқару құқықтары тоқтатылды, — делінген облыс прокуратурасының хабарламасында.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жауапты лауазымды тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Түркістан облысында мас күйде көлік тізгіндеген әйел 3 адамның өмірін қиғаны туралы жазған едік.